29 қаң, 2021 сағат 11:10

Коронавирусқа қарсы вакцинаның қорғаушы әсері неше күнде пайда болады?

Коронавирусқа қарсы вакцинаның қорғаушы әсері неше күнде пайда болады? Бұл сұраққа онлайн конференция барысында ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің вакцинаға көнетін инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Вакциналаудың қорғаушы әсері алғашқы дозаны салғаннан кейін 12-14 күнде пайда болады. Алайда толыққанды қорғанысты қамтамасыз ету үшін екінші дозаны салу керек. Жалпы вакцина салынғаннан кейін екі аптадан соң адамның ағзасында антидене пайда болады. Иммундық жүйе вирусты танып, антиденелерді (белоктарды) туғыза бастайды. Ағза вирусты тани түседі. Мұндайда вирус қайтадан ағзаға түссе, иммундық жүйе оны бірден танып, бірден көзін жояды. Яғни оның көбеюіне, ауру туындатуына жол бермейді», - деді Нұршай Әзімбаева.

Оның айтуынша, вакцинаның бір ғана дозасын алған адамның иммунитетіндегі қорғаныс қабілеті ұзаққа бармайды. Сол үшін қорғаныс қабілетін арттыру үшін екінші доза салынады.