ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің вакцинаға көнетін инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева коронавирусқа қарсы вакцина қандай жағдайда сақталуы керектігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұған дейін айтылғандай, вакцинаны салдыру - әркімнің өз еркіндегі шаруа. Яғни, екпе алу жөнінде ешкім ешкімді мәжбүрлей алмайды. Вакцина алатын адам оған келісетіні жөнінде жазбаша келісімін береді. Бас тартатын адам да солай жазбаша бас тарта алады. «ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 77-бабы 1-бөлігіне сәйкес, азаматтардың вакцинадан бас тартуға құқығы бар. Вакцинаның кері әсерін тізіп шығу үшін екпе алған азаматтардан сауалнама алынады», - деді Нұршай Әзімбаева.
Басқарма басшысы сонымен қатар коронавирусқа қарсы вакцинаны жарамды күйінде сақтау талаптарын жариялады.
«Вакцина мұзтдатылған ерітінді күйінде -18 градустан төмен температурада сақталуы керек. Вакцинаның жарамдылық мерзімі – 6 ай. Көпдозалы 3 милилтирлік флаконды ашылғаннан кейін бөлме температурасында 2 сағат бойы сақтауға болады. Бұл ретте ашылған флаконды ұзақ сақтауға болмайтынын ескертеміз. Сонымен бірге вакцина ерітіндісін қайтадан мұздатып, қатысуға болмайды. Осы талаптарға сай болмаған, қажетті температурада сақталмаған вакцинаны пайдалануға тыйым салынады», - деді ол.