17 қыр, 2020 сағат 14:07

Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина клиникалық сынақтан өте бастады

Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеу басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.

ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында әзірленген коронавирус инфекциясына қарсы QazCovid-in вакцинасын клиникалық зерттеу басталды. 

«Вакцинаны клиникалық зерттеу 18-50 жас аралығындағы дені сау ересек еріктілер арасында жүргізіледі. Вакцинаның қауіпсіздігін анықтауға бағытталған зерттеудің I фазасына коронавируспен ауырмаған және антиденелері жоқ 44 ерікті қатысады. Иммуногенділікті зерттеуге бағытталған екінші фазада 200 еріктінің қатысуы жоспарланып отыр» делінген хабарламада. 

БҚПҒЗИ-ға клиникалық зерттеулерге қатысуға ниет білдірген еріктілерден 688 өтініш келіп түскен. Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов cенім білдіргендерге алғыс айтты. 

Клиникалық зерттеулер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы» РМК және «Сentre for Clinical Medicine and Research» ЖШС-де өтеді.