19 там, 2020 сағат 11:44

Коронавирусқа қарсы иммунитетті қалай көтеру керек?

Астана медицина университеті профилактикалық медицина және нутрициология кафедрасының доценті Роза Сүлейменова коронавирус инфекциясына қарсы иммунитетті көтеру үшін қандай шаралар қабылдау керектігін түсіндірді.

- Роза Қалдыбекқызы, коронавирус тақырыбы өзекті болып тұрған кезде иммунитетті көтеру мәселесіне қоғам ерекше мән беріп отыр. Осы орайда қандай кеңес берер едіңіз?

- Ең бастысы – иммунитетті әлсіретпей, дұрыс тамақтану керек. Иммунитетті көтеру тақырыбына тоқталсақ, ақуызы көп тағамдарға мән беру керек. Оларға тауық, балық, ірі қара, соның ішінде жылқы еті жатады. Осылардың сорпасының құрамында ақуыз көп. Сол себепті бұл тағамдарды міндетті түрде ескерген маңызды. Сонымен қатар, түрлі жаңғақтарды алу керек. Иммунитетті көтеру үшін 30-40 пайызын ақуыздан құрасақ, қалған 50-60 пайызын көкөністер мен жеміс-жидектер арқылы қамтыған дұрыс болады. Жаз айларында алма, алмұрт, банан, құлпынай, қарақат, таңқурай, итмұрынды көбірек алған жөн. Бұлар табиғи өнім болғандықтан, С витаминінің көзі. Атап айтқанда, сұйықтықты көп ішкен абзал. Күніне 3-5 литрге дейін су, компот және морс ішуге болады. Ағзаға С витамині өте қажет.

- Мамандар адамның жақсы көңіл-күйі иммунитетті көтеруге ерекше әсер ететінін айтып жатыр. Сіздің пікіріңізді білсек.

- Көтеріңкі көңіл-күй ауырып қалмауға көп септігін тигізеді. Күйзеліске түспеген дұрыс. Егер көңіл-күйіміз жақсы болып, жігерленіп жүрсек, иммунитет те жақсы көтеріледі. Сары уайымға салынып жүрсе, иммунитет те әлсірейді. Сондықтан үнемі позитивті болу қажет. Ешқашан байбалам салмай, уайымдамай, барынша сабыр сақтап, жақсылықтан үміт ету керек. Өйткені, иммундық жүйе осыған тікелей байланысты.

- Жалпы, адамдар профилактикалық шараларға қатысты нені білуі шарт?

- Көбіне дүкен мен дәріханаға барамыз. Бұл нысандардың кассаларында кей жағдайда кезек болып жатады. Осы орайда ара қашықтықты сақтауға мән берген дұрыс. Үйден шыққанда медициналық масканы тағып, арнайы қолғап киіп, қолға антисептик алу қажет. Үйге кірген бойда қолымызды сабынмен жуамыз. Бөлмені күніне кеміне 3-4 рет желдеткен абзал, сондай-ақ ылғалды тазалық шараларын жүргізуге керек.

Сонымен қатар, өз бетіңізше емделмей, әуелі емханадағы учаскелік дәрігермен немесе жедел жәрдемге хабарласып, сондағы мамандармен ақылдасуға шақырамын. Басыңыз ауырып, құрғақ жөтел, ентігу пайда болса, дене қызуы көтеріліп, иіс сезуден айырылсаңыз, әлсіздік пен тершеңдік сезінсеңіз, бірден мамандармен кеңесіп, ем-дом алыңыз.

Сұқбатыңызға рақмет!

ҚазАқпарат