22 жел, 2020 сағат 23:49

Коронавирусқа қарсы екпе алған Әзербайжан азаматтарына COVID-19 құжаты беріледі

Әзербайжан Үкіметі түріктің Keymen İlaç компаниясынан коронавирусқа қарсы 4 млн вакцина сатып алу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Report.az агенттігі.

Әзербайжан тарапына сатылатын вакциналар партиясының құны 80 млн манат (шамамен 47 млн доллар) тұрады. 

Үкіметтің шешіміне сәйкес, шығынның бір бөлігі коронавирусқа қарсы күрес қорының есебінен, ал тағы бір бөлігі Қаржы министрлігінің есебінен жабылады. Бастапқы кезеңде жалпы соманың 50 пайызы төленеді. 

Бұдан бұрын Медициналық аумақтық бөлімшелерді басқару бойынша бірлестігінің (TƏBİB) төрағасы Рамин Байрамлы вакцинацияны сатып алғаннан кейін Әзербайжанда тиісті электронды жүйе жұмысын бастайтынын мәлім еткен еді. 

TƏBİB басшысы азаматтарға вакцина екі қабылдау бойынша салынатынын айтқан болатын: 

«Алғашқы доза салынатын адамдарға процедураны қайталау қажеттігі ескертіледі. Электронды жүйе e-təbib бағдарламасына негізделген. Ол шамамен дайын. Сонымен қатар, біз әрбір адам үшін штрихкоды бар COVID-19 құжатын әзірледік», - деді TƏBİB басшысы. 

Әзербайжанның министрлер кабинетінің жанындағы Жедел штабтың мәліметіне сәйкес, кейінгі тәулікте елде 2 284 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. 4 392 науқас жазылып шығып, 41 адам көз жұмған. Қазіргі уақытта елде коронавирусты жұқтырғандардың саны 205 877 адамға жетті. Олардың ішінде 147 199 адам сауығып шығып, 2294 адам қайтыс болған. Мамандандырылған ауруханаларда 56 384 мың адам ем алып жатыр. 

Еске сала кетсек Әзербайжанда 14 желтоқсаннан 2021 жылғы 18 қаңтарға дейін қатаңдатылған карантин режимі енгізілген. Ол режим азаматтардың қозғалысын, бөлшектік сауда нысандар мен қоғамдық тамақтану орындарының жұмысын шектейді.