17 сәу, 2020 сағат 11:37

Коронавирус жұқтырған медқызметкерлерге өтемақы төлеу тәртібі түсіндірілді

Алматыда коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеу тәртібі түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коронавирус жұқтырған дәрігерлерге 2 млн теңге көлемінде өтемақы төленуі тиіс. Қазір ауруханада эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатыр. ҚР ДСМ мамандарынан құрылған комиссия өз қорытындысын шығарғаннан кейін бұл өтемақы төленетін болады», - деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев. 

Айта кетсек, Алматыда 17 сәуірде коронавирус жұқтырғандардың саны 461-ге жетті.

Бүгін тіркелген адамдардың ішінде бір 16 жастағы жасөспірім бар. 

Науқастар ішінде Орталық қалалық клиникалық аурухананың 10 медицина қызметкері, осы стационардың екі пациенті, медициналық жедел жәрдем қызметінің 1 жұмыскері, №7 Қалалық клиникалық аурухананың 2 қызметкері, №12 Қалалық емхананың 2 қызметкері, Алматы көпбейіндік клиникалық ауруханасының екі қызметкері және оқшаулау аймағындағы вирусы бар адаммен байланыста болған 44 адам анықталды.

Бүгінгі күні мегаполистің жұқпалы аурулар стационарларында Алматы облысынан науқас әйелді есепке ала отырып, 392 адам коронавирустық инфекциядан емделіп жатыр. 

Бір пациенттің жағдайы өте ауыр, 4-уінің жағдайы ауыр, 92 адамда (олардың ішінде облыстан да пациенттер бар) – орташа дәрежеде болса, 295 адамның жағдайы қанағаттанарлық.

Қазір Алматыда Соvid-19 диагнозы 234 медицина қызметкеріне қойылған. 

Оның ішінде Орталық қалалық аурухананың 193, Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының 31, №7 Қалалық клиникалық аурухананың 2, Медициналық жедел жәрдем қызметінің 3, №12 Қалалық емхананың 3 медицина қызметкері және №11 мен №32 Қалалық емханалардың бір-бірден қызметкері ауыру жұқтырғаны белгіле болды.