Ақтөбе облысында медициналық колледж түлектері жедел жәрдем бригадаларына көмектесетін болады. Ал университеттің оқытушы-профессорлары мен резиденттері ауруханаларға жіберіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ақтөбе облысында қазір 4800-ден астам медцина қызметкері жұмыс істейді.
«Медицина университетінің 112 резиденті мен 165 оқытушы-профессоры емдеу, кеңес беру жұмысына тартылады. Сонымен бірге бүгіннен бастап жедел жәрдем мен провизорлық емдеу орнына медициналық колледждің 100-ге жуық түлегі қосылды», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Өңір басшысы тікелей эфир кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін жоспарлы толықтыру жүргенін, демеушілер арқылы қор жиналатынын айтты.
«Облыс бойынша 200-ге жуық мониторинг тобы құрылды. Олар 4 мыңнан астам тексеру жүргізді. Тұрғындар тарапынан сұраныс артқан соң қызу түсіретін дәрі, антибиотиктер, вирусқа қарсы препараттардың жетіспеушілігі бар. Оны білемін. Облыстағы 573 дәріханаға дәрі-дәрмек уақылыты келсе де, тұрғындарды толық қамтамасыз ете алмай отыр. Дәріхана иелеріне ескерту берілді. Сонымен бірге көршілес Ресеймен байланыс орнатылды», - деді Оңдасын Оразалин.