Мадридте жаңа карантин шектеулері енгізіліп жатыр, бірақ қала билігі бұған қарсы. Сондай-ақ Швейцарияда бұқаралық шараларға қайта рұқсат берілді, деп хабарлайды ВВС агенттігі.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, Covid-19 жұқтырғандардың жалпы саны әлемде 34 млн адамға жетті, 1 миллионнан астамы қайтыс болды. Пандемия басталғалы 23,6 млн пациент вирустан айығып кетті.
Испания үкіметі Мадрид пен оның маңындағы тоғыз қаланың жергілікті билігіне 48 сағатқа карантиндік шаралар енгізуді тапсырды. Испанияда Covid-19 ауруына шалдыққандар саны артуда. Соңғы екі аптада елде 133 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған. Олардың үштен бірі ел астанасынан.
Енгізілген жаңа шаралар бойынша, аталған қала тұрғындары аудандар арасына қатынай алмайды. Тек жұмысқа, оқу орындарына, сондай-ақ дәрігерге немесе жақындарына қажеттілік болған жағдайда ғана рұқсат етілген. 6 адамнан артық топтасып жүруге тыйым салынған.
1 қазаннан бастап Швейцарияда спорттық жарыстар мен мәдени шараларға бір уақытта 1000-нан көп емес адам қатысуға рұқсат етілді. Мұнда гигеиналық шаралар мен әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтау керек.
Лондонның империялық колледжі жүргізген жаңа зерттеу мәліметтері бойынша Британияда Covid-19 вирусының таралуы бәсеңдей бастады.
Ғалымдардың пікіріне сәйкес, бір вирус тасымалдаушыдан қанша адам ауру жұқтыруы мүмкін екенін анықтайтын R базалық көрсеткіші төмендеді. Оның төмендеуіне Үкімет жақында енгізген жаңа шектеу шаралары көмектесті. Енді Англияда және Ұлыбританияның басқа бөліктерінде пабтар мен мейрамханалар 22:00-ден кешіктірілмей жабылады, алты адамнан артық топтасып жиналуға тыйым салынады, дүкендер мен мейрамхана қызметкерлеріне міндетті түрде маска тағу міндеттелді.
Аустралияның Виктория штатының тұрғындары елдегі ең қатаң қауіпсіздік шараларын сақтауға мәжбүр. Аустралиядағы ауру жұқтырғандардың жалпы саны қазір 27 мыңнан астам адамды құрайды, 900-ге жуық науқас қайтыс болды.
Үндістанда 15 қазаннан бастап кинотеатрларға, көрме залдарына және басқа да мәдени орталықтарға баруға рұқсат етіледі. Сол күннен бастап мектептер мен колледждер де ашылады. 30 қыркүйекте Үндістанда 80 мыңнан астам коронавирус жұқтырудың жаңа жағдайы тіркелді. Эпидемия басталғалы ауруға шалдығу жағдайларының жалпы саны алты миллионнан асты. Бұл – инфекцияның таралуы бойынша АҚШ-тан кейінгі әлемдегі екінші ел.