Жүректің созылмалы жеткіліксіздігі, жүректің коронарлық ауруы бар науқастарда коронавирус пневмониясы басқалармен салыстырғанда қиынырақ өтеді.
Бұл пікірді «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ төрағасының міндетін атқарушы Махаббат Бекбосынова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Махаббат Бекбосынованың айтуынша, коронавирус пневмониясының даму қаупіндегі ең ауыр фактор – артериялық гипертония. КВИ мен коронавирус пневмониясынан қайтыс болғандардың 50 пайызында артериялық гипертония болған.
«Артериялық гипертониясы бар науқастар өкпенің өте тез және ауыр қабынуы дамитын бірінші қауіп тобында тұр. Жүрек-қантамыр патологиясы, артериялық гипертониясы, жүрек жеткіліксіздігі бар барлық қазақстандықтардан қазірден бастап қауіп тобын анықтап, олардың жағдайын егжей-тегжейлі бақылау үшін тұрғылықты жері бойынша емханаларға міндетті түрде есепке тұруын сұраймын», - деді Махаббат Бекбосынова.
Дәрігердің мәліметінше, жүрек-қантамыр патологиясы бар науқастарда аурудың алғашқы белгілері анықталса, дәрігерге жедел жүгіну өте маңызды. Өздігінен емделуге, дербес әрекет етуге мүлдем болмайды.
«Мұндай науқастарда өкпенің қабынуы өте тез дамиды және өкінішке қарай пневмония өте ауыр формада өтеді. Жедел жәрдем келгенше науқастың қан қысымын өлшеу керек. Менің ойымша, жоғары қан қысымынан зардап шегетін адамдардың көпшілігінің үйінде қысымды тонометрмен өлшейтін мүмкіндік бар. Егер қысым жоғарыласа, науқасты жатқызу керек және дәрі қобдишасында «Каптоприл» болса, соны беру керек», - дейді Махаббат Бекбосынова.
Айта кетерлігі, бүгінде коронавирус инфекциясын бастан кешірген кейбір пациенттерде созылмалы шаршау синдромы байқалған. М. Бекбосынова науқастың жай-күйін барынша жан-жақты бағалауға мүмкіндік беретін Чадера шкаласы бар екендігін айтады.
«Науқас өзін не мазалайтынын түсіндіре алмаған, бірақ қалыпты өмірге орала алмай жүргенін түсінген кезде созылмалы шаршауға ұшыраған деуге болады. Міне осы кезде аталған шкала сол пациенттің жай-күйін шынайы бағалауға мүмкіндік береді. Шкалада 11 балл бар. Пациенттің жай-күйі 3 баллаға дейін болса, онда қалыпты саналады. Ал 4-тен 11 баллға дейінгі аралық пациентте қандайда бір проблеманың бар екендігін білдірді және оған неврологқа немесе психотерапевтке қаралуы қажет. Шындығына келгенде бізде коронавирусты бастан кешірген паценттерді тексеру хаттама бар. Ол зертханалық, сонымен қатар инструменталды зерттеу әдістерін қамтиды. Пациент қанынан жалпы сараптама аламыз. Өйткені, қан иммундық жүйенің қандай жағдайда екенін жақсы көрсетіп береді. Лейкопения мен лимфоцитопения бақылауында әлі күнге дейін тұрған пациенттер бар. Коронавирусты бастан кешіргендеріне 2-3 ай өтсе де бұл пациентердің иммундық жүйесінде проблема бар деген сөз», - деді Махаббат Бекбосынова.