27 сәу, 2020 сағат 10:43

Коронавирус: Оралда бір адамның жағдайы ауыр

Оралда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында жатқан бір адамның жағдайы ауыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюповтың брифингте мәлім еткеніндей, әйел қазіргі кезде жансақтау бөлімінде жатқанымен, бірте-бірте ауруынан айығып келеді.

«Соңғы екі-үш күнде қызуы байқалмайды. Таяуда палатаға ауыстырылады деп отырмыз», деді Б.Каюпов.

Облыста барлығы 120 адам тіркелсе, соның жетеуі жазылып шықты. 113 адам емделуде. Соның ішінде 79-ында ауру жеңіл түрде өтуде. 33-інің жағдайы орташа ауыр. Соның төртеуіне пневмония диагнозы қойылған, тыныс алуында жетімсіздік және қызуы бар.

«Төтенше жағдай кезінде қауіпті кеселге шалдыққан адамдарды дер кезінде анықтап, жедел емдеудің маңызы зор. Күні бүгінге дейін өзге өңірлерден келген 16 мың адам мониторингіден өткізілді. 1500-ден астам адам провизорлық және карантиндік стационарларда жатып шықты. 5 мыңнан астам зертханалық сынамалар алынды. Осыған орай алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлерінің кәсіби әрі қауырт қызмет атқарып жатқанын атап өткім келеді», деді Б.Қаюпов.