Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирус инфекциясын 5,6 миллионнан астам адам жұқтырды, 350 мың науқас қайтыс болды, деп хабарлайды ВВС агенттігі.
Латын Америкадағы жағдай дәрігерлердің үлкен алаңдаушылығын тудырып отыр. Онда коронавирус жағдайлары күрт өскен. Панамерикалық Денсаулық сақтау ұйымы бұл ел пандемияның әлемдік ошағына айналып бара жатқанын мәлімдеді.
Бразилияда індетке шалдыққандар саны 3690 мыңнан асып, мемлекет ауру деңгейі бойынша әлемде екінші орынға шықты. Басқа елдерде, оның ішінде Мексика, Чили және Перуда расталған диагноздар саны да артып келеді.
Бразилияда алғашқы жағдай 26 ақпанда тіркелген, содан кейін коронавирус барлық аймаққа таралды. Латын Америкада 750 мыңнан астам науқас вирус жұқтырған, 40 мың адам қайтыс болды.
Өлім-жітім деңгейі Еуропа мен АҚШ-қа қарағанда әлдеқайда төмен болғанымен, сарапшылардың айтуынша, мұнда жасалатын тестілердің саны да әлдеқайда аз. Сол себепті вирусты жұқтыру және одан өлім жағдайлары тіркелмеген болуы мүмкін. Ең тығыз қоныстанған елдерде, оның ішінде Мексикада (8 мыңнан астам) және Бразилияда (24 мың) көз жұму жағдайлары жоғары.
Бразилияда, Мексикада және Перуде өлім саны әр екі-үш аптада екі еселене артуда.
Панамерикалық денсаулық сақтау ұйымы басшысы Карисса Этьеннің сөзінше, «аймақтың пандемияның эпицентріне айналғанына еш күмән жоқ».
Сарапшылар Латын Американың бірқатар елі індеттің шарықтау шегінен өтпегенін атап өтеді. Бұл ретте, Еурокомиссия пандемиядан зардап шеккен Еуроодақ елдеріне көмек ретінде 750 млрд еуро бөлмек.
Пандемияға байланысты экономикалық дағдарыс ЕО-ға мүше 27 елдің бәрін шарпыды. Дегенмен, кейбір мемлекетте жағдай індетке дейін де нашар еді. Олардың сыртқы қарыздары айтарлықтай өсті. Көмектердің басым бөлігі пандемиядан аса зардап шеккен елдер Италия мен Испанияға жіберіледі.
Италия 170 млрд еуро, Испания 140 млрд еуро алады деп күтілуде. Сонымен қатар көмек пакетінің жартысы несие түрінде беріледі.
Франция қазірдің өзінде карантин кезінде жабылған автокөлік өнеркәсібі үшін 8 миллиард еуро көлеміндегі көмек пакетін жариялады.
Франция билігі сонымен қатар, коронавирусты емдеу үшін безгекке қарсы гидроксихлорохин препаратын пайдалануға тыйым салды. Өйткені ол жанама әсерлерін тигізуі мүмкін.
Америка Құрама Штаттарында коронавирустен болған өлімдер саны 100 мыңға жуықтады. Бұл, бүкіл әлем бойынша көрсеткіштің төрттен бір бөлігінен астамын құрайды. Инфекцияның расталған жағдайларының саны 1,7 миллионға жақындап отыр. Бұл - бүкіләлемдік көрсеткіштің төрттен бір бөлігінен астамы.
АҚШ президенті Дональд Трамп өлім-жітім саны осындай боларын мамыр айының басында болжаған еді. Дәл осындай цифрларды наурыз айында Трамп әкімшілігінің кеңесшісі, Аллергиялық және жұқпалы ауруларды зерттеу ұлттық институтының директоры Энтони Фаучи атаған болатын.
Сарапшылар АҚШ-та коронавирусты жұқтыру мен одан болған өлім жағдайларының тым көп болуын бірқатар фактормен түсіндіреді. Біріншіден, елде мәліметтерді жинау мен жариялаудың статистикалық жүйесі ашық және оған сенуге болады. Сонымен қатар, АҚШ-та кең ауқымды тестілеу жүйесі жүргізілуде, осы уақытқа дейін 15 миллионнан астам тест тапсырылды.