29 қаң, 2021 сағат 08:06

Коронавирус: ҚХР-да ұлттық жаңа жылы кезінде жолаушылар ағыны рекорд деңгейде төмендеуі мүмкін

Қытайдағы туроператорлар Ай күнтізбесі бойынша тойланатын Жаңа жыл мерекесінде (Чуньцзе, көктем мерекесі) елдегі азаматтардың жаппай сапары 2019 жылғы деңгейден 60%-ға төмендейтінін болжап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қытайдағы ұлттық Жаңа жыл биыл 12 ақпанға тұспа-тұс келеді, алайда елдегі тұрғындардың жаппай ауылы мен туған үйіне сапар шегу кезеңі – (чуньюн деп атайды) 28 қаңтарда басталды. Ол қырық күнге созылады.

Ең ірі туристік «Qunar» сайтының хабарлауынша, мереке қарсаңында рейстер мен қонақүйлерді брондаудың айтарлықтай өсуі байқалмады. «China Railway» теміржол операторы да теміржол сапары 407 миллионнан 296 миллионға дейін төмендейтінін болжап отыр.

Қытай көлік министрлігінің хабарлауынша, биыл «чуньюнь» кезінде ел бойынша шамамен 1,15 миллиард сапар күтіліп отыр. Жергілікті БАҚ жазғандай, бұл – қытай билігі статистикалық мәліметтерді жариялай бастаған соңғы 18 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Осылайша, 2021 жылы «чуньюнь» кезінде жолаушылар ағыны 2019 жылғы деңгейден 60%-ға төмендейді (сол жылы көліктің барлық түрімен 3 млрд сапар жасалды).

Қытайда Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жылды отбасымен бірге атап өту дәстүрге айналған, сондықтан елдің әр тұрғыны осы уақытта туған жеріне баруға тырысады. Осыған байланысты Қытайдың көктем мерекесі елдің бүкіл көлік жүйесі үшін ең ауыр кезеңнің бірі саналады. Алайда биылғы жылы коронавирус пандемиясына байланысты жүріс-тұрыс ауқымы әдеттегідей болмайды. 

Елдегі сапарлар санының төмендеуіне бірнеше себеп бар. Қытай билігінің кей өңірде коронавирустың өршуіне жол бермеу шараларын қабылдады. Соның ішінде міндетті түрде COVID-19 тестісін тапсыру, бірқатар жағдайда карантин жариялау, сонмен қатар үкіметтің аса бір қажеттілік болмаса сапарға шықпау және Жаңа жылды тұрғылықты жерлерде атап өтуге шақыруына байланысты.