14 мам, 2021 сағат 19:35

Қазақстандық вакцинаның компоненттерін егу мерзімін ұзарту қарастырылмаған


Коронавирусқа қарсы отандық вакцинаның І және ІІ компоненті арасындағы мерзімді ұзарту қарастырылмады. Бұл туралы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз қызметінде қазақстандық вакцинаның (QazVac) І және ІІ компоненті арасындағы 21 күнді ұзарту мүмкіндігі туралы сұралды. 

«Отандық вакцинаны салдыру мерзімінің аралығын ұзарту вакцина өндірушілердің нұсқауымен ғана енгізіледі. Қазіргі кезде бұл мәселе көтерілмеді. Жаңа деректер болғанда ғана тиісті өзгерістер енгізіледі. Еске сала кетейік, Гамалея ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығының директоры Александр Гинцбургтің ресми мәлімдемесінен кейін «Спутник-V» вакцинасының компоненттерін салдыру аралығы ұзартылды», - деді Смағұл.

Осы орайда қазақстандық вакцинаның І және ІІ компонентінің арасындағы мерзімді ұзарту мәселесі қарастырылмағанын нақтылады.