ҚР ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы Жазира Ембердиева коронавирус індетін жұқтырып алмау үшін не істеу керектігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің климаттық аймақтың күз-қыс кезеңі барлық уақытта да халық арасындағы жіті риспираторлық вирустық инфекциялар мен тұмауға шалдығу көрсеткішінің жоғары болуымен ерекшеленеді. Жыл сайын Қазақстанда ЖРВИ-ге шалдығудың 500 мыңнан 1 млн-ға дейінгі жағдайы тіркеледі. Негізінен ЖРВИ-мен 14 жасқа дейінгі балалар ауырады. Ағымдағы эпидемиологиялық маусым COVID-19 бойынша орын алған эпидемиологиялық жағдайға байланысты алаңдаушылық тудырып отыр. Біз тұмаудан кейінгі асқынудың алдын алу үшін қазіргі уақытта тұмауға қарсы вакцинациядан өтуге кеңес береміз. Биыл коронавирус инфекциясына қатысты індетке байланысты вакцинациялау науқаны екі апта бұрын, 2020 жылдың 15 қыркүйегінде басталды. Ол үшін өңірлердегі алғашқы медициналық көмек ұйымдарының барлығында 5 мыңнан астам пункт ұйымдастырылды. Жалпы, ЖРВИ мен тұмауға байланысты эпидемиологиялық маусым қазанда басталып, мамырға дейін жалғасады», - дейді ол.
Оның атап өтуінше, вакцинация жасаудан бөлек ЖРВИ мен тұмаудың алдын алудың өзге де шаралары бар. Атап айтқанда, мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын жерлерге бармаған жөн.
Жабық ғимараттар мен қоғамдық орындарға барғанда бір рет пайдаланатын маска тағу, жөтелген немесе түшкірген кезде мұрынды шынтақпен немесе сулықпен бүркемелеу керек. Әсіресе көшеден және қоғамдық көліктен үйге келгеннен кейін қолды сабынмен жақсылап жуу, бөлме ауасын жақсылап желдету қажет.
Құрамында С дәрумені бар өнімдерді молынан тұтынып, саламатты өмір салтын ұстану, тұрақты түрде дене тәрбиесімен айналысып, таза ауада серуендеген дұрыс.
Сонымен қатар қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы коронавирус инфекциясын жұқтырып алмау үшін не істеу керектігін де айтып берді.
«Ең алдымен, алдын ала «ауру жұқтырып аламын ба» деп үрейге бой алдырмаған жөн. Яғни, COVID-19-дың жаңа толқыны орын алу мүмкіндігіне байланысты күйзеліске түспеуге, үрейленбеуге, қобалжымауға тырысу қажет. Үрей сіздің жай-күйіңізді нашарлата түсетін жаман фактор саналады. Үрейленген кезде иммунитет төмендеп кетуі мүмкін. Тұмауға қарсы вакцинация бар. Ал коронавирусқа қарсы вакцинацияны бүгінде әлемнің көптеген елдері ғылыми тұрғыда әзірлеп, зерттеу жұмыстарын жүргізу үстінде. Екіншіден, тәжірибе коронавирус инфекциясын алдын алудың нақты әрі тиімді шарасы - қоғамдық орындарда маска тағу, әлеуметтік арақашықты сақтау, қолды үнемі сабынмен және антисептикпен тазалау екендігін көрсетіп отыр. Адам көп жиналатын жерлерде бармауға кеңес береміз. Егер аса қажеттілік болып жатса, онда міндетті түрде медициналық маска тағып, қолды антисептикпен тазалап отырған жөн», - деді Жазира Ембердиева.