16 қаз, 2020 сағат 15:42

Коронавирус: Финляндия Премьері ЕО саммитінен кетуге мәжбүр болды

Финляндияның Премьер-министрі Санна Марин коронавирус жұқтыру күдігіне байланысты Брюссельде басталған Еуропалық одақ Мемлекет және үкімет басшыларының саммитінен кетуге мәжбүр болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Финляндия министрлер кабинетінің басшысы Санна Марин Брюссельде басталған саммиттің бірінші күнінде делегация мүшесі, Финляндия Парламентінің депутаты Том Пакаленмен байланысқан. Ал Том Пакален тапсырған тестіден коронавирус инфекциясы расталған. 

Осыған байланысты Марин өзін-өзі оқшаулау үшін ЕО іс-шарасынан екінші күні кетуге мәжбүр болған. 

ЕО-ның ағымдағы саммитінде Финляндия атынан Швеция делегациясы қатысады. 

Айта кетейік, Марин Брюссельде жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған екінші - еуропалық лидер. Бейсенбі күні Еуропалық комиссияның басшысы Урсула Вон дер Ляйен өз аппаратында коронавирус анықталғанына байланысты уақытша өзін-өзі оқшаулайтынын мәлімдеген еді.