Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова ЖРВИ белгілері бар немесе тыныс алу жолдары бойынша қандай да бір аурудан сезіктенген азаматтарды тексеруден өтуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі таңда елордада карантинде 1819 адам жатыр. 16 сәуірдегі жағдай бойынша, Нұр-Сұлтан қаласындағы обсервациялық емханада, атап айтқанда Желтоқсан 34 мекенжайындағы №2 емханада коронавирус инфекциясы бойынша зерттеуде 966 адам тексерілді. Оның 28 жағдайында азаматтардың коронавирусты жұқтырғаны расталды. Сол себепті қала тұрғындарынан тағы да өтінеріміз: ЖРВИ-мен ауыратын азаматтардың бәрі немесе тыныс алу жолдары бойынша аурудың болуынан сезіктенген барлық азаматтарды аталған емханаға немесе Жеңіс 58 мекенжайындағы Орталық жол ауруханасындағы пульмонологиялық бөлімшесі бар провизорлық стационарға қаралуды сұраймыз», - деді Сәуле Қисықова «Хабар 24» арнасында онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында осы уақытқа дейін 19 765 адам ПТР-диагностикадан, одан бөлек 8 716 адам 9-16 сәуірі аралығында экпрес-тестілеуден өткен. Вирусқа күдікті адамдар провизорлық стационарға жеткізілген.
Айта кетсек, бұған дейін Сәуле Қисықова елордада қазіргі таңда коронавирус инфекциясын жұқтырған 9 адам ауыр халде жатқанын мәлім еткен еді.