24 сәу, 2020 сағат 11:16

Коронавирус: Елордада 12 мыңнан астам адам экспресс-тест тапсырды

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен коронавирус инфекциясына қатысты экспресс-тестілеу жайында айтып берді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«9 сәуірден бастап жаппай экспресс-тестілеу жүргізу басталды, оны 12 752 адам тапсырды. Тағы 41 мың экспресс-тест квота бойынша арнайы медицина, полиция, Ұлттық ұлан қызметкерлері, әскерилер, қала тіршілігін қамтамасыз ету жүйесі мен коммуналдық қызметтердің жұмысшылары арасында үлестірілді», - деді Б. Мәкен Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның сөзіне қарағанда, бұл шаралар індетті дер кезінде анықтап, уақытылы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қазіргі таңда қалада коронавирус инфекциясының 433 жағдайы тіркелді. 255 науқас стационарларда жатыр, 207 адам емделіп шықты, үй карантинінде 2 396 адам бар.