23 сәу, 2020 сағат 10:43

Коронавирус: БҚО-да соңғы тіркелген 10 науқастың 9-ы Ресейден келген

Батыс Қазақстан облысында соңғы болып тіркелген 10 науқастың 9-ы Ресейден келген, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың брифингте мәлім еткеніндей, науқастардың бірі бұрын коронавируспен ауырған адаммен қарым-қатынаста болған.

Қалған 9-ы – Ресейде вахталық әдіспен жұмыс жасайтын тұрғындар. Олар Саратов және Самара облысымен шектесетін «Тасқала» мен «Сырым» бекеттерінен өткеннен кейін карантиндік стационарға жатқызылған. Содан кейін сынама алынған кезде коронавирус жұқтырғаны анықталды.

Қазіргі кезде он адам да облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында тиісті емдерін алуда.

Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар толығымен жүргізілді.

Осылайша облыста ауырғандар саны 86-ға жетіп, соның екеуі жазылып шықты. Соның басым көпшілігі (73-і) –Ресейден келгендер.

«Қазіргі таңда үйлерінде оқшауланып жатқан тұрғындар аз емес. Олар бөлек бөлмеде тұрып, жеке бас гигиеналарын қатаң сақтай білулері керек. Ыдыс-аяқтары да бөлек болады. Бөлменің ішін әлсін-әлсін желдетіп, таңмен және кеште қызуларын өлшейді. Олардың жағдайын медицина қызметкерлері біліп тұрады. Оқшауланған адамдармен бірге тұратын отбасы мүшелері де сақтық шараларын ұмытпауы тиіс», деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда кәсіпкер қыз-келіншектердің көпбалалы аналарға қолұшын созғанын, БҚО-да Ресейден келген студенттен коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.