Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған соңғы анықталған төрт науқастың үшеуі Ресейден келген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың брифингте мәлім еткеніндей, бұлардың екеуі – Қызылорда, біреуі – Батыс Қазақстан облысының тұрғыны.
Үшеуі де Самара облысымен шектесетін «Сырым» бекетінен өткеннен кейін карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынама алынған кезде коронавирус анықталған.
Тағы бір адам – облыс тұрғыны. Ол бұрын коронавирус жұқтырған азаматпен қарым-қатынаста болғандықтан, карантиндік стационарға жатқызылған. Содан кейін оның да дертке шалдыққаны белгілі болды.
Қазіргі кезде бәрі де облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында тиісті емдерін алуда.
Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.
Осылайша БҚО-да ауырғандар саны 68-ге жетіп, соның екеуі жазылып шықты.
«Әлеуметтік желілерде тұрғындар Ресейден келгендерді шекарадан неге өткізеді? деген сауалды жиі қойып жатады. Бұған айтарымыз, Ресейден келіп жатқандардың барлығы – Қазақстан азаматтары, көпшілігі – облыс тұрғындары. Кейбіреулері жұмыспен, біреулері денсаулығына байланысты ем алуға және басқа жеке себеппен барып, қайтып жатқандар. Олар шекарадан өткен бойда карантиндік стационарға жатқызылып, бәрінен сынама алынады. Коронавирус жұқтырғандар сол бойда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіледі. Ауырмағандарына қолхат беріліп, үйлеріне жіберіледі. Бұлар 14 күн бойы медициналық бақылауда болады. Қазіргідей төтенше жағдай кезінде тұрғындардың үйлерінен шықпай, барлық қауіпсіздік шараларын сақтауы аса маңызды», деді Н.Мұстаев.