6 мамыр күнгі соңғы мәлімет бойынша, Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған тағы 4 адам анықталды, - деп хабарлайды БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
БҚО әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, олардың біреуі – Ресейде вахталық әдіспен жұмыс істейтін Түркістан облысының 27 жастағы тұрғыны.
Қалған үшеуі – жүк тасымалымен айналысатын Тәжікстан мен Қырғызстанның 33, 44 және 57 жастағы азаматтары. Ресеймен шектесетін «Сырым» автоөткелінен өту барысында олар денсаулықтарына шағымданбаған. Алайда бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің биылғы 30 сәуірдегі №35 қаулысына сәйкес, жүк тасымалдаушыларға экспресс диагностика жасалған кезде, анализ оң нәтиже көрсеткен. Кейін жедел жәрдеммен карантиндік стационарға жеткізілген.
«ПТР-диагностикалық зерттеу қорытындысымен COVID-19 диагнозы нақтыланып, төртеуі де облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды.
Науқастармен қарым-қатынаста болғандар медициналық бақылауға алынып, ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.
Індетке қарсы күрес жалғасуда», - делінген ақпаратта.
Бүгінге дейін БҚО-да ауырғандардың жалпы саны 203-ке жетіп, соның 41-і сауығып шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында емделіп шыққан бес адамның екеуі Семей мен Тараз тұрғыны екендігін, БҚО әкімі коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлермен онлайн-кеңес өткізгенін жазған болатынбыз.