Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында дәрігерлердің талабына бағынбай жүрген бірнеше емделуші бар. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Түркістан облысының Келес ауданының тұрғыны коронавирус жұқтырды Оралда коронавирустан емделіп жатқандар дәрігерлерге бағынбай, өз бетімен үйге кетіп қалмақ болған Қазақстанда тағы 23 адам коронавирус жұқтырды
Б.Қаюповтың айтуынша, олар палаталарды аралап, басқаларды тәртіпке мойынұсынбауға үндеп, вирусты тарата түсуде.
Бұдан бірнеше күн бұрын да осындай жағдай болды. Осы емделушілер өздерін сау санап, палаталарынан шығып, үйлеріне кетпек болды. Бәлкім, арақ та ішкен болар. Мұндай жағдай бүгін де қайталанды.
«Осылайша, олар өздеріне зиян жасап отыр. Мұның себебі мынада, емделгеніне 14 күн болып, жазылуға жақындаған адамдар басқалармен араласса, емдеу курсын қайтадан бастауға тура келеді. Егер тып-тыныш емделсе, 14 күннен кейін жазылып шығар еді. Бұл күйлеріңде үйлеріңе барсаңдар, отбасындағы үлкен кісілерге жұқтырасыңдар ғой дегенді де түсінгісі келмейді. Олар өзге емделушілер ғана емес, дәрігерлер мен медбикелерге де ауру таратуы мүмкін. Осы ауруханадан 8 қызметкердің коронавирус жұқтыруы ойландырмай қоймайды. Қазір жағдай тынышталды. Әйтсе де аталған кісілер қайтадан бүлік шығарса, қылмыстық іс қозғалуы да мүмкін», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Қаюпов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирус жұқтырған 6 адамның бәрі де медицина қызметкері екендігін, Оралда емделіп жатқандар дәрігерлерге бағынбай, өз бетімен үйге кетіп қалмақ болғанын жазған едік.