Коронавирус БАҚ-тың трансформациясын жеделдетіп жіберді. Astana Media Week 2020 шарасының «Мультиплатформалылық» пленарлық сессиясында UNA халықаралық бөлімінің директоры Хазем Абду осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Коронавирус бұқаралық ақпарат құралдарының трансформациясын жеделдетіп жіберді. Дәл бүгін азаматтар үшін бұқаралық ақпарат құралдары керек пе деген сұраққа жауап беруіміз керек. Жауап, әрине, иә керек! Ақпаратсыз ешкім де өмір сүре алмайды», - деді Хазем Абду.
Әйтсе де оның айтуынша, қазіргі жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары өз жұмысында жаңа, заманға сай құралдарды пайдалана білуі тиіс. Ол үшін жаңа арналар, жаңа форматтар мен құралдар керек.
Спикер сонымен бірге жалған ақпараттар туралы сөз қозғай келе осынау үрдістің өршуінің бір мысалы пандемия уақытында ерекше байқалғанын жеткізді. Хазем Абдуың айтуынша, әлемнің кейбір мемлекеттерінде әсіресе әлеуметтік желілерде жалған ақпарат өте көп тарап кеткен.
«Егер осы үрдіс үдемегенде індеттен көз жұмғандардың да саны едәуір аз болар еді. Бұл ретте дәстүрлі ақпарат құралдары цифрлық құралдарға ілесе алмай келе жатқанын нақты факт ретінде қабылдай білу керек», - деді ол.
Спикер сөз соңында БАҚ-ты ары қарай қалай дамыту керек деген мәселе бойынша әлі де ойлану керектігін айтты.