Әзербайжан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі ел аумағында «Спутник V» және AstraZeneca вакциналарын аралас қолдану бойынша клиникалық сынақ өткізуге рұқсат берді. Клиникалық сынақтар ақпан айының соңына дейін басталады. Бұл туралы AZERTAG министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"
Айта кетсек, «Спутник V» ресейлік вакцина болса, AstraZeneca – AstraZeneca компаниясы мен Оксфорд университеті бірлесіп әзірлеген препарат.
Бұған дейін Н.Ф.Гамалея атындағы Эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы, Ресей тікелей инвестициялар қоры, AstraZeneca және «Р-Фарм» жаңа коронавирус инфекциясының (COVID-19) алдын алу саласында меморандумға қол қойған болатын және бұл туралы өткен жылдың желтоқсан айында РФ президенті Владимир Путиннің қатысуымен өткен кеңесте жарияланған еді.
Вакциналарды бірге қолдануға қатысты әлемдегі алғашқы тәжірибе 2020 жылдың 24 желтоқсанында тіркелген клиникалық сынақ хаттамасы аясында өткізілгелі отыр.
Зерттеу барысында «Спутник V» және AstraZeneca вакциналарын аралас пайдаланудың қауіпсіздігі мен иммуногендікті бағалау көзделген. Зерттеу бағдарламасы бірнеше ел аумағында 6 айға созылады. Зерттеудің әрбір бағдарламасына 100 еріктіден жұмылдыру жоспарланған.