20 сәу, 2020 сағат 07:45

Коронавирус: Алматыда қайтыс болған екі адамның да халі ауыр болған

Алматыда коронавирус инфекциясынан қайтыс болған екі адамның да халі ауыр болған. Бұл туралы Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазіргі уақытта Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырудың расталған 525 жағдайы тіркелген.

«Соңғы тәулікте тағы 12 жағдай тіркелді. Олардың барлығы провизорлық госпитальдарда карантиндегі науқастармен байланыста болғандар. Кеше Соvid-19 диагнозымен екі адам қайтыс болды. Дүниеден өткен бұл екі адам да денсаулықтары аса ауыр халде болған еді»,– деп хабарлады басқармадан.

Оның біреуі 1958 жылы туған ер адам. Пациенттің бұл инфекциядан басқа жіті бүлінген панкреатиті, ауыр дәрежелі қан аздық, артериалдық гипертония деген сияқты қосымша аурулары болған. Жүрек қызметі тоқтау себебінен көз жұмды.

Екіншісі 1931 жылы туған әйел, ол сондай-ақ жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертензия, дисциркуляторлық энцефалопатия сияқты қосымша диагноздармен ауыр күйде болған.

Жалпы, жұқпалы аурулар стационарларында Алматы облысынан науқас әйелді есепке ала отырып, 436 адам коронавирустық инфекциядан емделуде.

Екі пациенттің жай-күйі – өте ауыр, 6-уында – ауыр, 138 адамда – ауырлықтың орташа дәрежесінде және қалған адамдардың жай-күйі – қанағаттанарлық.

84 пациент коронавирустық инфекциядан сауығып, емдеуден шығарылды.

Провизорлық госпитальдарда 294 адам, карантиндік оқшаулауда 520 адам, үй карантинінде 9764 адам бар.