Алматыда эпидемиологиялық жағдай тұрақталды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқарма басшысы Камалжан Надыров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні қаладағы КВИ жағдайы тұрақталды, соңғы айда аурушаңдықтың орташа өсімі шамамен 2,3%-ға, соңғы аптада өсім 1,1 пайызды құрады. Қазіргі уақытта Алматы қаласында тіркелген КВИ жағдайларының саны – 2882, оның ішінде 1875 адам сауығып, емдеуден шығарылды, бұл тіркелгендердің жалпы санының 65%-ын құрайды, тек өткен аптада 323 адам емдеуден шығарылды. Өкінішке орай, өлім-жітім жағдайлары да болды – 10 адам КВИ-ден қайтыс болды, осылайша қазіргі уақытта 975 пациент емін жалғастыруда. Медициналық ұйымдар штаттық режимде бекітілген емдеуге жатқызу алгоритміне сәйкес жұмыс істеуде» – деді Қамалжан Надыров.
Оның айтуынша, қазір қоғамдық денсаулық басқармасының негізгі күш-жігері медицина қызметкерлерінің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және медициналық көмек алу кезінде пациенттердің қауіпсіз болуына бағытталған. Медицина қызметкерлері барлық қажетті жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілген. Бұдан басқа, аурудың мүмкін болатын жаңа толқынына – күзгі кезеңіне дайындық жұмыстары жүргізілуде.
«КВИ-мен күрес аясындағы жұмыстан басқа, басқарма стратегиялық міндеттерді іске асыру бойынша жұмыс атқаруда. Қала әкімі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды. Осыған байланысты, басқарма 2025 жылға дейін қаланың денсаулық сақтау жүйесін дамытудың кешенді жоспарын әзірледі. Жақын арада аталған жоспар сараптамалық қауымдастықпен талқыланатын болады. Бұл жоспарда алдағы қаланың денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 5 жылға арналған нақты бағыты айқындалатын болады. Атап айтқанда, қаланың кадрлық әлеуетін талдау және одан әрі дамыту, біліктілікті арттыру, жаңа технологияларды енгізу мәселелері бойынша жұмыстар жүргізілетін болады», – деп қортындылады ол.