06 шіл, 2020 сағат 12:42

Коронавирус: Алматыда апта соңына дейін қосымша 500 орын ашылады

Алматыда апта соңына дейін қосымша 500 орын ашылады. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде қалада коронавируспен күреске қуаттылығы 3 340 жатын орынға шақталған 19 стационар жұмылдырылған - өсім 7 есеге көбейген. Психикалық денсаулық орталығының негізінде қосымша 150 орын, Урология ғылыми орталығында 150 орын ашып, Halyk Arena базасының негізінде 200 орынды кезеңімен 1 000-ға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Осылайша, осы аптаның соңына дейін қосымша 500 орын әзірленеді. Сонымен бірге, Halyk Arena базасының негізінде жансақтау бөлімі, тиісті құралдары бар толыққанды стационар ашылады, науқастарға оттегі орындары қолжетімді болады»,– деді Алматы әкімі.

Сонымен қатар, ол қалада коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау бойынша барлық бағытта белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

«Амбулаторлық деңгейде «виртуалды инфекциялық аурухана» ашылды. Сонымен бірге, COVID-19 жұқтырған мұқтаж науқастарды, бақылап, емін түзету бойынша, сонымен бірге, тәулік бойғы режимде тәуекел тобындағы науқастардың асқынуының дамуын амбулаторлық деңгейде бақылау үшін мониторинг орталығы жұмысын бастады. Аталған шаралар жағдайлары ауыр науқастарды, әсіресе қарт адамдарды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Олардың құрамына құрамына бөлім меңгерушілері, инфекционист дәрігерлер, эпидемиологтер, учаскелік дәрігерлер және мейірбикелер енген. Қазіргі уақытта 72 бригада мобилизацияланды және АМСК 297 қызметкері жұмылдырылды», – деді Бақытжан Сағынтаев.