15 қаң, 2021 сағат 07:34

Коронавирус: әлемдегі ахуал

Британия ғалымдарының зерттеу нәтижесіне сәйкес, коронавируспен ауырған адамда иммунитет кем дегенде бес айға дейін сақталады. Сондай-ақ қайта жұқтыру ықтималдығы алғашқыға қарағанда 83% төмен болады, деп хабарлайды BBC.

Жалпы, адам ағзасында иммунитет сақталатын уақыт әлі де нақты белгісіз. 

Өткен жылдың маусымы мен қарашасы аралығында жүргізілген зерттеуде коронавирус жұқтырған британдық денсаулық сақтау жүйесінің 6614 қызметкерінің деректері бақыланды. Осы науқастардың тек 44-і қайтадан вирус жұқтырған. 

Ғалымдардың айтуынша, мұндай статистика үміт сыйлағанымен, қайта жұқтырған адам алғаш вирусқа шалдыққан адам тәрізді жұқпалы болуы мүмкін. «Егер сіз ауруды жеңіп, енді қауіпсізбін деп ойласаңыз, сізде ауыр дерттің туындау қаупі төмен болғанымен, инфекцияны басқа адамға жұқтыра аласыз», - деп түсіндірді зерттеу авторларының бірі Сьюзан Хопкинс. 

Осындай қорытындыларды назарға алған Британ билігі барлық азаматтар үйде отыру керек деп есептейді. 

Оған қоса, иммунитеттің бес айға дейін ғана сақталатынын ескерсек, өткен жылдың көктемінде, пандемияның алғашқы толқыны кезінде ауырған адамдар қайтадан қауіп тобына еніп отыр.

Аустралия Оксфорд вакцинасының тиімділігіне күмән келтіруде

Аустралиялық ғалымдар тобы ел үкіметін иммунизация стратегиясын қайта қарауға шақырып жатыр. Олардың пікірінше, Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясы өндірген вакцина ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін тиімсіз. 

Иммунология саласындағы бірнеше маман және оппозициялық лейбористік партия өкілдері сынақ кезінде анағұрлым жоғары тиімділік көрсеткен BioNTech/Pfizer және Moderna вакциналарын сатып алу үшін күш сала беретінін мәлімдеді. Денсаулық сақтау саласының жекелеген сарапшылары да келесі айдан бастап AstraZeneca препаратымен вакциналауды тоқтату керектігін баса айтуда. Дегенмен бұл ұсынысты Канберрадағы билік мақұлдамады. 

Аустралия медицина қауымдастығының (АМА) президенті Эндрю Миллердің айтуынша, AstraZeneca вакцинасының басқа препараттар сияқты тиімді екені туралы дерек жоқ, сол себепті жаппай иммунитет қалыптаспауы мүмкін. Миллер препаратты қолдануға асықпауға шақырды. 

Оның түсіндіруінше, АҚШ және Ұлыбританиямен салыстырғанда Аустралия пандемия жағдайын бақылауда ұстап отыр. Халықтың үмітін ақтап, елді ең тиімді вакцинамен қамтамасыз ету үшін вакциналау процесін уақытша тоқтата тұруға мүмкіндігі бар. 

Дегенмен Аустралия билігі Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясының вакцинасы вирустан қорғайтынына сенімді және жоспарын өзгертпейтінін айтты. «AstraZeneca вакцинасы тиімді, қауіпсіз және сапасы жоғары», - деді Аустралияның бас санитария дәрігері Пол Келли. Аустралия 54 млн AstraZeneca вакцинасын сатып алған. 

Айта кетсек, сынақ кезінде қателік кеткені туралы мәлімет пайда болғаннан кейін препаратқа деген сенім азайды: еріктілердің бір бөлігі хаттамада көрсетілгендей екі бірдей доза емес, бір жарым екпе алған және алдын ала мәлімет бойынша солардың екпесі тиімдірек болған. Хаттамада көрсетілген екі доза вирустан 62% дейін қорғай алады, бұл Pfizer және Moderna (тиімділігі 90%-дан жоғары) препараттарымен салыстырғанда айтарлықтай төмен.