28 сәу, 2020 сағат 17:48

Коронавирус: Ақмолада 100 жастағы қария жазылып шықты

Аршалы аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесіне COVID-19 диагнозымен жатқызылған «Шапағат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының 27 қариясы жазылып шықты, - хабарлайды Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқастарды емдеуде олардың бұрыннан ауырып келе жатқан жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйесі сияқты аурулары біраз кедергі келтірген. Бұл науқастардың көпшілігі - қарттар, екінші топтағы мүгедектер, тоғызы - төсекке танылғандар. Тағы екеуі өкпе қабынудың асқынған түрімен ауырғандықтан жағдайлары ауыр хәлде болды.

«Біздің дәрігерлер науқастарға ерекше қамқорлықпен қарады. Олардың тез сауығып кетуі үшін қолдан келгеннің барлығын жасады», - дейді жұқпалы аурулар бөлімшесінің дәрігері Виктор Шалаев.

Дәрігерлердің атап өтуінше, еліміздегі ең қарт науқас осы жылы 5 мамырда 100-ге толады. Ол осыдан бірнеше күн бұрын «коронавирус инфекциясының жеңіл түрі» диагнозымен ауруханаға жатқызылған болатын.

Айта кетейік, бүгінгі күні Ақмола облысында 60 адам коронвирустен жазылып шықты. Тағы 8 науқасты алдағы күндері шығару жоспарланған.