20 сәу, 2020 сағат 16:10

Коронавирус: Ақмола облысында жалған ақпарат таратқан медбике жауапқа тартылуда

Ақмола облысының Степногор қаласына коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар жеткізілгені туралы жалған ақпарат таратқан екі адам ұсталды, - деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, сәуірдің 15-де полиция қызметкерлері WhatsApp мессенжеріне мониторинг жүргізу кезінде «Отдам! Обменяю!» тобында Степногор қаласына коронавирус инфекциясын жұқтырғандар жеткізіліп, жергілікті емдеу мекемесіне жатқызылғаны туралы жалған ақпаратты анықтаған.

«Жедел іздестіру кезінде жалған ақпараттың авторы анықталды. Ол қалалық аурухана бөлімшесінің кіші медбикесі болып шықты. 41 жастағы медбикенің үстінен ҚР ӘҚбК 478 бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», - деді ведомстводан.

Екінші жағдай сол күні WhatsApp мессенжеріндегі басқа топтан табылды. Оның авторы желі қолданушыларына Степногор қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар бар деп хабарлаған. Белгілі болғандай, әйел адам - жергілікті ЖШС жұмысшысы, кәсіпорында коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары туралы өткен жиынды дұрыс түсінбеген.

«Ақпаратты дұрыс түсінбеген әйел өзінше топшылап, WhatsApp қолданушылармен бөліскен. 43 жастағы әйел де ҚР ӘҚбК 478 бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылды», - деп толықтырды ведомстводан.

Тәртіп сақшылары азаматтарды тек ресми ақпараттарға ғана сенуге және нақтыланбаған қаңқу сөздер мен жалған ақпаратты таратпауға шақырады.