04 қар, 2020 сағат 15:45

Коронавирус адамның бүкіл ағзасын зақымдайды - Махаббат Бекбосынова

Коронавирус адамның бүкіл ағзасын зақымдайды. Бұл туралы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы төрағасының міндетін атқарушы Махаббат Бекбосынова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өкінішке орай, COVID-19 адамның бүкіл ағзасын зақымдайтын жүйелі ауру саналады. Оның ішінде жүйке жүйесіне де зақым келтіреді. Орталық жүйке жүйесіне қатысты шағым өте көп. Бұл - еске сақтау қабілетінің төмендеуі, бас ауруы, есту қабілетінің нашарлауы. Бүгін ғана қабылдауымызда коронавирус инфекциясынан жазылып шыққаннан кейін есту қабілеті тым төмендеп кеткен пациент болды. Оның үстіне аурудың өткір фазасының өткеніне 3 ай уақыт өтіпті. Қазіргі уақытта COVID кесірінен қант диабеті пайда болған 4 пацентті бақылауымызға алып отырмыз», - деді ол. 

Сонымен қатар ол коронавирусты бастан кешірген тағы бір пациенттің өткір холециститтен хирургиялық стационарға түскенін айтады. 

«Жедел араласу мәселесі туындады. Алайда қабынуға қарсы жүргізілген ем-дом түйілуді басатын дәріге қарағанда әлде қайда жоғары әсерін берді», - деді Махаббат Бекбосынова.