12 мам, 2020 сағат 13:45

Көп жолаушы кіргізбеуі керек: Елордада автобустарға қандай талаптар қойылады?

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қоғамдық көлікке қандай талаптар қойылып отырғанын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоғамдық көліктер 12 мамырда жұмысын бастады. Оларға көп талап қойылады. Таңғы 07.00-ден кешкі 19.00-ге дейін жүреді. Автобустарда санитарлық талаптардың сақталуын қадағалап отыратын жауапты қызметкер тағайындалады. Ол қызметкер жеке бас гигиенасын, қоғамдық гигиена құралдарының болуын, дезинфекция құралдарының жеткілікті болуын, жүргізушілер мен басқа да мамандардың тиісті талаптарды сақтауын қадағалайды. Барлық қызметкерге күнделікті нұсқаулық беріліп, ол нұсқаулық жазбаша түрде журналға белгіленіп отыруы керек. Сонымен қатар жолаушы тасымалдайтын жүргізушілерде жұмысқа келген кезде коронавирусқа байланысты ПТР-тестен өткені туралы анықтама болуы тиіс. Олар ары қарай екі аптада бір рет сол тестіден өтіп отыруы керек», - деді қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің техникалық регламенттерді бақылау бөлімнің басшысы Қарлығаш Әбдішева қала әкімдігінің Facebook парақшасында өткен онлайн режимдегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, автобус жүргізушілері міндетті түрде маска мен резеңке қолғап киюі керек. Қолғапты күніне екі рет, масканы екі сағат сайын ауыстырып отыруы тиіс. 

«Олардың сонымен бірге антисептигі болуы тиіс. Жолаушыларды тек отыратын орындармен тасымалдау керек. Түрегеп тұрған жолаушы болмауы тиіс. Көп жолаушы кіргізбеуі керек. Сондай-ақ, тоқтаған кезде автобустың барлық есігі ашылып тұруы тиіс. Жұмыстың басында және соңында автобус салондары жуылып, дезинфекция жасалады. Күнделікті рейстерде соңғы аялдамаға келген кезде автобустардың бүкіл есік-терезесі ашылып, желдетіліп, адам қолы жанасатын орындарға дезинфекция жүргізіледі», - деді ол.

Еске сала кетсек кеше Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен 12 мамырдан бастап қоғамдық көлік қашан жұмысын бастайтынын хабарлаған еді.