12 мау, 2020 сағат 09:45

Конгресте республикашылдар Ресейге қатаң санкция салуды ұсынды

Комитет әзірлеген "Американың нығаюы және ғаламдық қауіп-қатерге төтеп беру" атты баяндамада Иран, Қытай және Ресей әрекетіне қарсы тұру амалдары жазылған. 

Баяндама авторлары Ресейге арналған бөлікте Кремльдің агрессиялық әрекетін тыю үшін "тежеу стратегиясын" қолдануды ұсынған. Бұл стратегия аясында Ресейге қатаң санкциялар пакетін қолдану көзделген. Топ өкілдері шектеу шаралары Ресейдің мұнай-газ активтері, сыртқы қарызына қарсы бағытталуы тиіс, Ресей терроризм демеушісі ретінде танылуы керек дейді. Олар Ресей билігінің АҚШ-та террористік ұйым деп танылған ""Хезболлах", "ХАМАС" және "Русское имперское движение" ұйымдарын қаржыландыратынын айтады. 

Санкция аясында ұсынылып отырған шектеулердің бірі - Ресейді халықаралық банктер арасында транзакция жасауға мүмкіндік беретін SWIFT жүйесінен алып тастау. Есеп авторлары бұған қоса, ресейлік Внешэкономбанк және өзге де бірқатар жеке және заңды тұлғаларды санкция тізіміне енгізуді ұсынған. Украина мен Грузияны қолдау қажеттігін де айтқан. 

Баяндама авторларының айтуынша, шектеу шараларына Ресейдің Таяу Шығыс, Венесуэла және Украинадағы әрекеті түрткі болып отыр. 

Олар бұған қоса, "Ресей халқымен тікелей қатынас орнату және олардың демократия және адам құқығын қорғауға талпынысын қолдау" үшін ресейлік демократияшыл белсенділерді қолдау сияқты жаңа амалдар қарастыруды ұсынған.

Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремль "мұндай жоспарлардың тек мәлімдеме күйінде қалатынына" үміт білдіреді деді. Баяндамада Қытай және Иранға қарсы қатаң шара қолдану туралы да айтылған. 

АҚШ президенті Дональд Трамп "Ресеймен қарым-қатынасты" жақсартқысы келетінін бірнеше рет мәлімдеген. Ол президент Владимир Путинді ешқашан сынамаған. Дегенмен Мәскеуге қатаң саясат жүргізіп отырғанын алға тартады.