31 там, 2022 сағат 17:00

Компанияларды рейдерлік жолмен иемденген қылмыстық топқа іздеу жарияланды


Қаржы мониторингі агенттігі бірнеше ЖШС-ны рейдерлік жолмен басып алу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Алдын ала болжам бойынша зардап шегушіге келтірілген шығын көлемі 18 млрд теңгеден астам қаражатты құрайды. Биыл 14 шілдеде сот Р. Бабаев, Т. Танашев, Д. Әбижанов және А.Алтыбасаровқа қатысты қамауға алуды санкциялады. Қоспаев, Шалин және Имашевқа халықаралық іздеу жарияланды. Мүлікті анықтау және тыйым салу шаралары қабылданды", - делінген хабарламада.

ҚМА дерегінше, бұл азаматтардың 9 миллион долларға жуық қаражаты бұғатталып, зергерлік бұйымдары тәркіленген.

"Күдіктілер мен оларға қатысты тұлғалардың 154 жылжымайтын мүлік нысаны (тұрғын үй кешенінде 102 пәтер, 6 жекеменшік үй, 28 тұрғын емес үй, 11 учаске, бір сауда нысаны, екі көлікжай, төрт көлік тұрағы), 19 көлік тәркіленген.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-ның 201-бабына сәйкес өзге мәлімет жария етуге жатпайды", - делінген хабарламада.

ҚМА аталған топ мүшелерінің рейдерлік әрекетінен зардап шеккен азаматтардан арыздар әлі түсіп жатқанын айтты. Қоспаевтың және басқа да тұлғалардың әрекетінен зардап шеккен кәсіпкерлерді ҚМА-ға немесе аумақтық департаменттерге хабарласуды сұрайды.