Орталық Колумбияда президенттің әуепаркіне тиесілі Bell 412 тікұшағы апатқа ұшырап, салдарынан экипаждың алты адамы түгелдей қаза тапты.Бұл туралы Колумбияның Әуе күштері жария етті, деп хабарлайды Xinhua.
«Колумбияның Әуе күштері 0006 тікұшақ экипажының алты адамынан айырылғанына қатты қайғырады», – деп мәлімдеді әскери мекеме өкілдері.
Алдын ала болжамдар бойынша, апатқа қолайсыз ауа райы себеп болуы мүмкін. Тікұшақ жұма күні жоғалып кеткен, құтқарушылар оның құлаған орнын енді ғана тауып, қаза тапқандар санын нақтылай алды.
Бұған дейін осы тікұшақпен бірнеше рет ұшқан Колумбия Президенті Иван Дюке қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.
«Апат менің де жанымды ауыртты, себебі бұл адамдармен мен соңғы 14 айда бірге жұмыс істеп едім», – деді Дюке.