15 қаң, 2021 сағат 15:25

Көлсай көлдері, Алтын Емел, Шарын ұлттық парктерінде инвесторды анықтауға ашық байқау жарияланды

Көлсай көлдері, Алтын Емел, Шарын ұлттық парктерінде инвесторды анықтауға ашық байқау жарияланды, деп хабарлайды ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Алматы қаласында «Көлсай Көлдері», «Алтын Емел» және Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің Қоғамдық кеңестері экологиялық туризмді дамытудың Тұжырымдамалары бойынша бірлескен жиналыс өткізді. 

Себебі ұлттық парктердің рекреациялық аумақтағы жерлерінде экотуризмді дамыту мақсатында, Ережеге сәйкес, тендерлік құжат жобасы алдын ала талқыланып, байқау ашық жариялануы тиіс.

Жиынды ашқан ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев ведомство Президент тапсырмасы бойынша экотуризмді өркендетудің кешенді шараларын жүзеге асырып жатқанын айтты. 

«Экологиялық туризмді дамытудың Тұжырымдамалары таныстырылып, қоғаммен мақұлданды. Осыған байланысты қабылданған Тұжырымдамаға сәйкес, парктердің Бас жоспарларының экотуризм инфрақұрылымына қатысты жерлеріне өзгеріс енгізілді»,- деді вице-министр.

Үш ұлттық парктің басшылары Тұжырымдамаға сәйкес жүзеге асатын инфрақұрылым жобалары туралы баяндады. Олардың сөзінше, барлық парктер аумағында 2021-2023 жылдар аралығында визит-орталықтар, глэмпинг, кемпингтер, этно-қонақ үйлер, этноауылдар, көру алаңдарын және басқа да инфрақұрылым нысандарын салу жоспарланған. Барлық нысандар негізгі табиғи нысандарға зиян тигізбес үшін қашықтау жерде орналасады. 

Инвесторларға ерекше қорғалатын аумақтар туралы Заңды сақтау, табиғи нысандарды бұзбай, қоршаған ортаны қорғау шараларына басымдық бере отырып жұмыс істеу талабы қойылады. Табиғатқа зиян келтіретін шаруашылыққа тыйым салынады.

Сонымен бірге жиында Қоғамдық кеңес мүшелері экотуризмді дамыту жобасын жүзеге асырушылардың жергілікті халықпен тығыз жұмыс істеуі тиістігі туралы айтты. 

«Ұлттық парктер жанындағы Қоғамдық кеңестер қабылданған шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Сондықтан Қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірі кез келген шешім қабылданған кезде ескеріледі. Ұлттық парктердің жерлерін туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру мақсатында ұзақ мерзімді пайдалануға беру бойынша құрылған конкурстық комиссиялар құрамына да Қоғамдық кеңестер мүшелері қосылады»,- деді Ерлан Нысанбаев.

Айта кетейік, ұлттық парктерде экотуризмді дамыту бойынша байқауға қызығулылық танытқан кез келген инвестор қатыса алады.