«Азаматтарға арналған үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қызметкерлері автокөлікті тіркеу туралы куәлік пен мемлекеттік нөмірді үйге дейін жеткізіп беретін болады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстандықтар көлік құралын тіркеу туралы куәлікті және мемлекеттік нөмірді үйге дейін жеткізу қызметін eGov.kz порталында рәсімдей алады. Бұл үшін қажетті деректерді, тұрғылықты мекенжайды көрсетіп, қызмет ақысын төлеу жеткілікті. Осыдан кейін «Азаматтарға арналған үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ қызметкері мемлекеттік нөмір мен куәлікті үйге әкеледі.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Әсет Тұрысовтың айтуынша, бұған дейін қазақстандықтарға аталмыш қызметтерді алу үшін кем дегенде екі рет мамандандырылған ХҚО-ға бару қажет болған.
Қызметті рәсімдеу үшін: «Электрондық үкімет» порталына кіріп, «Көлік және коммуникациялар» айдарындағы «Автомобиль көлігі» бөлімшесін таңдаймыз. Одан әрі «МТНБ және КҚТК-ны үйге жеткізу» қызметіне басып, авторизациядан өтіп, тапсырыс беру қажет. Сонымен қатар, мамандандырылған ХҚО атауы мен толық мекенжайын көрсете отырып, барлық міндетті жолдарды толтыру керек. Осыдан кейін қызметке ақы төлеу және ЭЦҚ көмегімен не болмаса бірреттік смс-пароль арқылы сұрау салуға қол қою қажет (мобильді азаматтар базасында міндетті түрде тіркелу қажет).
Қызмет Жеке тұлғаларға қолжетімді. Қызмет көрсету мерзімі – 1 жұмыс күні.