30 мам, 2024 сағат 18:33

Көлік ішіндегі құрал-сайманға дейін отандық өнімді қолдану керек — сарапшы

Сурет: instagram.com/klmz_maker

Сарапшы Сәбит Рысбаев утильалымдар жөнінде дау басталып кеткені туралы жазды. Айтуынша, өткенде көлік шығаратын заводтың жұмысшылары үндеу жасаған болса, бүгін Қазақмыстың жұмысшылары үндеу жасапты. Жұмысшылар отандық автопром тоқтаса біздің отандық шикізат өндіруге де зияны тиеді деп шырылдап отыр.

"Утильалымдар жөнінде дау басталып кетті. Негізі утильалымның түпкі мақсаты — отандық автопромды қолдау, отандық автопромды жаңарту болған. 2022-нің қаңтар айында утиль алымды 50%-ға түсірді. Бірақ көлік арзандамады. Себебі көліктің бағасына әсер ететін басқа да факторлар бар. Кедендік рәсімдеуден басталады. Көліктің арзандағаны Қытайдың арқасы. Қытай бағамен бәрін түсіріп тастады. Корея да, Жапония да Қытаймен жарысып бағаны арзандатуға мәжбүр болды. Әйтпесе біздегі салық арзандамады", - деп жазды Сәбит Рысбаев.


Оның сөзінше, Оңтүстік Корея да басында біз сияқты көлікті құрастырудан бастаған. Кейіннен Kia, Hyundai-лар шықты. Түркияда да, Өзбекстанда да негізінен өздерінен шығатын көлікті мінеді. Бізге отандық автопром керек. Құрастырма емес, локализацияны көбейту керек. Көліктің ішіндегі құрал сайманға отандық өнімді көп қолдану керек. Ол жағын басқаша ойлау керек шығар, деп тұжырым жасайды ол.

"Таяқтың екі ұшы бар ғой. Утильалым тоқтасын дейтіндер оған балама да ештеңе айтпай жатыр. Утильалым тоқтасын, бірақ көлікті не істейміз? Грузия арқылы сатып алып отыра берейік пе? Мына жұмысшылардың да ашу ызаларын тыңдау керек сияқты. Әркімнің өз шындығы бар", - деп түйіндеді ол.


Айта кетейік, Қазақмыс компания тобына кіретін KLMZ ұжымы үкіметке үндей тастады. Жұмысшылар мемлекеттік органдар тарапынан жан-жақты қолдау қажеттігін айтады.

"Машина жасау өнеркәсібін ілгерілетуге қатысты жұмыстар әлі де жеткіліксіз. Салада бәсекелестіктің болмауы жаңа зауыттардың ашылмауына, жас мамандардың қолдаусыз қалуына, жемқорлыққа жол берілуде.
Қазақстан үкіметіне отандық өндірушіні қолдау және дамытуға қатысты шараларды нығайтуды, қазақстандық кәсіпорындарының өсу мен қатар жұмысшыларға қолайлы жағдайлар жасауды талап етеміз", - дейді олар.