ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов қауіпсіздікті сақтау үшін көлікті қысқа қалай дайындау керектігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қыстыгүні мінсіз жүретіндей көлікті дайындап алған жөн. Әлбетте, ең бірінші кезекте жаздық дөңгелекті қыстық дөңгелекке ауыстырсаңыз, ол жолда қауіпсіздіктің сақталып, автокөліктің қозғалыс өтімділігін арттыруға сеп болады. Дөңгелектің «тікенекті» немесе «үйкелісті» түрін нақты аймақтың ерекшелігіне байланысты таңдап алу керек. Сонымен қатар дәл қазір көліктің жылыту жүйесінің, сыртқа жарық түсіру құрылғыларының, терезе тазартқышының дұрыстығын тексеріп, аккумулятор батареясын ауыстырған абзал», - деді ІІМ баспасөз мәслихатында Серік Түсіпов.
Оның айтуынша, көлік қызметінің ақаусыз болуы қозғалыстың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол үстіндегі қауіпті сейілтеді.
«Дизельді отынмен жүретін, жолаушыларды немесе жүктерді таситын автокөліктерге жеке тоқталсам деймін: аязды күні орта жолда қалмас үшін жыл мезгіліне сай сапалы солярка құйған дұрыс. Қыс басталысымен құтқарушылар айдалада көлігі тоқтап қалған жүргізушілерді құтқарумен болады, өйткені олар қысқа арналған солярканың орнына жаздығын құяды. Осыдан барып ол қатып қалады да көлік ары қарай жүре алмайды», - дейді ол.
Серік Түсіпов жүк көліктерінің сырғып кетуіне жол бермейтін арнайы құрылғы болуы керектігін де ескертті. Оны жүк көлігінің жүргізушілері ұзақ уақытқа бір орында, әсіресе таулы жерде тоқтаған кезде пайдаланады.