Бүгін Қазақстанда және әлемнің көптеген елдерінде Бүкіләлемдік қол жуу күні аталып өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Біріккен Ұлттар Ұйымы, соның ішінде БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) 2008 жылы 15 қазанда Бүкіләлемдік қол жуу күнін жариялады. Қолды сабынмен жуу – жыл сайын 3,5 миллион баланың өмірін қиятын түрлі аурулардың алдын алуға көмектеседі.
Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы Жедел медициналық көмек станциясының эпидемиолог-дәрігері Баян Оспанова тазалық пен гигиеналық дағдылардың қаншалықты маңызды екенін түсіндірді.
«Күн сайын адамдарда терінің жаңа қабаты құрылады. Ол 2 апта сайын жаңарып отырады. Біздің терімізде көптеген түрлі микроағзалар бар. Оларды резиденттік флора деп атаймыз, яғни өз микробтарымыз теріде өмір сүріп, көбейе алатын флора. Барлық адамның жеке резиденттік микрофлорасы болады. Бірақ, адамдар түрлі заттарды ұстағанда, транзиторлық микрофлора пайда болады. Яғни тері үстінде инфекциялық микробтар қалуы мүмкін. Сол мақсатта осы транзиторлық микрофлораны жою үшін қолды міндетті түрде мұқият жуу керек», - деді Б. Оспанова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Дәрігер қол жуылмаса, транзиторлық микрофлора шырышты қабатқа түсуі мүмкін екенін еске салды.
«Бұл түрлі ауруларға әкеп соғуы мүмкін. Мәселен, көздің шырышты қабатына түссе – конъюктивит, мұрын мен ауызға түссе – ринит, фарингит, стоматит сынды инфекциямен байланысты аурулар туындауы мүмкін. Мәселен, дәретханадан кейін қол жуу керек деп неге айтамыз? Өйткені, онда ішек флоралары болуы мүмкін, олар адам ағзасына енсе, дизентерия, сальмонеллез, энтерит сынды ішек инфекциялары өршуі мүмкін. Сосын тамақ ішер алдында да қол жуу керек. Себебі, ыдыс-аяқты ұстағанда да ағзаға инфекция енуі мүмкін», - дейді маман.
Коронавирус инфекциясы да зат үстінде салыстырмалы түрде ұзақ уақыт сақталады.
«Қазір де маска тағып, қол жумайтын болсақ, еш қорғаныс болмайды. Өйткені адамдар масканы бір тағады, бір шешеді. Кей адамдар бір масканы күні бойы тағып жүреді. Үйге кіргенде қалтасына салады да, сыртқа шыққанда сол кір масканы алып киеді. Сол лас ауамен дем алады. Яғни, жуылмаған қолдан вирустық, ішек инфекциялары, тіпті тамақтан улану қауіптері бар», - деді Б. Оспанова.
Сонымен бірге, дәрігер оқырмандарға қол жуу тәсілдері жөнінде кеңес берді.
«Әдеттегі сабын мен антибактериялық сабынның құрамы әртүрлі. Жай сабындар терідегі кірден тазартады. Ал бактерияға қарсы сабындар терідегі зиянды-зиянсыз барлық микроағзаларды жояды. Мұндай сабындарды әдетте медицинадық мамандар қолдануы тиіс. Ал тұрғындар күнделікті өмірде әдеттегі сабынды пайдаланса да жеткілікті. Ал егер үйде ішек инфекциясы бар науқас болса, оның айналасындағы микроағзаларды жою үшін әрине, бактерияға қарсы сабын керек», - деп түсіндірді Б. Оспанова.
Қол жууда су температурасы маңызды емес. Дегенмен, су бөлме температурасында болғаны жөн.
«Жылы сумен сабын тезірек шайылады. Ал салқын сумен ұзағырақ жуу керек болады. Ең бастысы – тердіегі сабынды да жақсылап шаюымыз керек. Өйткені, сабын да теріде қалып қойса, бактериялардың көбеюіне жайлы орта болуы мүмкін. Яғни, сабыннан да қолымызды тазарту маңызды. Қол жуу уақытына келсек, сағатқа қарап, секунд санаудың қажеті жоқ. Барлығын кезек-кезегімен жуу керек. Ең алдымен алақанды ысқылап жуғанда 5-ке дейін санау керек. Содан кейін қолдың сырты - 1,2,3,4,5. Саусақтардың арасы – 5 секунд, бас бармақ пен тырнақтарды да шамамен 5 секундтан жууға болады. Осылайша, бір минутқа жетер-жетпес уақытта қол жууға болады. Ал медициналық қызметкерлердің өз ережесі бар – ота алдында, ине саларда немесе науқастарды тексеруде қол жуатын арнайы ережелер белгіленген», - деді Баян Оспанова.