25 мам, 2020 сағат 11:14

Көкжайлаудағы сауық кеші: Көлік иесі жазаланды

Алматыда карантинге қарамастан жастар Көкжайлау шатқалында кеш ұйымдастырған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жастардың көңілді демалысынан видеолар әлеуметтік желіде жарияланды.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл шара 24 мамыр күні болған.

«Карантин режимінің алынбағанына байланысты Алматыда 8 экологиялық пост арқылы Іле Алатауы ұлттық паркі территориясына өтуге тыйым салынған. Алайда, Ұлттық парк аумағы үлкен болғандықтан, адамдар Просвещенец, Горельник, Аққайың, Кімасар асулары арқылы да келеді. Бұл жолдарды ұлттық парк қызметкерлері бақылай алмайды», - деді министрліктің баспасөз қызметінен.

Одан бөлек, Көкжайлау территориясына Казачка шатқалы арқылы да өтуге болады. Бұл жерде Казачка, Алма-Арасан, Көкшоқы ауылдары, 5 мың адам тұратын Арасан саяжайы орналасқан. 

Сондай-ақ атап өтілгендей, видеоға түсіп қалған 888 SAB 02 нөмірлі көліктің жүргізушісіне әкімшілік айыппұл салынды.

«Іле Алатауы ұлттық паркінің инспекторлары жүргізушіні ҚР ӘқбК 367-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жазаға тартып, 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салды», - деді ведомстводан. 

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі карантин режимін сақтауға және осыған ұқсас құқықбұзушылық деректер анықталған жағдайда 297 07 72 нөміріне хабарлауды сұрайды.