Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Президент Жолдауын іске асыру бойынша қоғамдық кеңестердің жұмысы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша бүкіл ел бойынша орталық және жергілікті билік органдарының жанынан 234 қоғамдық кеңес құрылған. Олардың құрамына қоғамның түрлі топтарының мүдделерін қорғайтын 3,5 мыңға жуық белсенді азаматтар тартылған.
«Негізінен бұл ғылыми-шығармашылық интеллигенцияның, Үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығының өкілдері және басқа да белсенді азаматтар бар. Жалпы осы жылдар ішінде, атап айтқанда қоғамдық кеңестер 19 мыңнан астам нормативтік құқықтық акті жобаларын қарады», - деді Аида Балаева ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Аида Балаева қоғамдық кеңестер барлық әлеуметтік тақырыптар бойынша тәуелсіз мониторингтер мен тыңдаулар өткізе алатынын жеткізді.
«Атап айтқанда қоғамдық көлік, тұрғын үй құрылысы, жол жөндеу, ПИК қызметтері, ең қажетті тауарлардың бағасы және басқа тақырыптар 1 мыңнан астам зерттеу жүргізді. 1500-ден астам қоғамдық талқылау өткізіліп, оның ішінде сумен жабдықтау, санитарлық ахуалды жақсарту, медицина мен білім берудегі қызмет көрсету сапасы сияқты басқа да тақырыптар қамтылды. Яғни мұның барлығы қоғамдық кеңестің қажеттігі мен мүмкіндігі ғана емес, бұл жобаның келешегі зор екенін көрсетіп отыр», - дейді министр.