Қоғамдық кеңестердің жұмысын реттейтін kazkenes.kz атты бірыңғай сайт әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.
«Қоғамдық кеңестің күнделікті атқарып жүрген жұмысын елге кеңінен жеткізудің маңызы өте зор және дәстүрлі ақпарат көздерімен оның бәрін қамту өте қиын. Азаматтар өз мәселесімен қоғамдық кеңестерге жүгінуі үшін, мәселе көтеріп, оның шешімін қадағалап отыруы үшін бірыңғай қолдануға өте ыңғайлы ақпарат ресурсының болуы өте маңызды. Сол себепті біздің министрліктің тапсырысымен kazkenes.kz сайтының жобасы жасалып, бүгін міне, назарларыңызға ұсынылып отыр», - деді Болат Тілепов.
Оның сөзіне қарағанда, квазимемлекеттік кәсіпорындардың жанынан да қоғамдық кеңестер құрылып жатыр.
«Қоғамдық кеңестер бүкіл акционерлік қоғамдарда толықтай құрылып, жұмысын бастап кетті. Жылдың аяғына дейін ең үлкен субьект – «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында құрылады», - деді вице-министр.