03 қыр, 2020 сағат 18:43

Қоғамдық бақылау: Қазақстанның қай өңірлері санитарлық талапты сақтамайды?

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен құрылған Қоғамдық бақылау қатысушылары бұл жолы бірқатар қалаға барып, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғанын анықтады. "Ұлт ақпарат" Қазақстанның санитарлық талаптар сақталмаған аймақтар тізімін ұсынады. 

Нұр-Сұлтанда қоғамдық көлікте және «Mega Silk Way» сауда, ойын-сауық орталығында тұрғындар әлеуметтік қашықтықты сақтамайды және маска режимін бұзуда. «Қоғамдық бақылау» тобы қоғамдық көліктердің 80-90% толатынын анықтады.

Содан кейін бақылаушылар Қарағанды қаласындағы орталық базар мен вокзалға барды. Топтың айтуынша, бизнес тарапынан бірнеше норма сақталып жатқан жоқ: кіру/шығу есіктері бөлінбеген, антисептиктердің сертификаты жоқ. Көрер көз бен иіс арқылы мұның жай ғана су немесе кейбірінде су араласқан сұйық сабын екенін байқауға болады. Базар аялдамасы адамға толған, әлеуметтік қашықтық пен маска режимі де сақталмауда.

Павлодарда маска режимі жалпы сақталған, бірақ сауда, ойын-сауық орталықтары мен қоғамдық орындарда әлеуметтік қашықтық жоқ. Сауда-ойын-сауық орталығына кіретін адамдар саны шектеулі болғандықтан, орталық алдында кезек пайда болған. Сондай-ақ жалпы білім беретін мектептерге мониторинг жүргізілді. Онда санитайзерлер орнатылып, оқушылар 1 оқушыдан шахмат тәртібімен отырғызылған. Сыныпта оқушылар саны 15-тен аспауы тиіс. Алайда, ата-аналар сабақ аяқталғанда мектеп қақпасына көптеп жиналады және тобыр құрады. 

Таразда Қоғамдық бақылау тобы қауіпсіздік нормаларының өрескел бұзылғанын анықтады: «Kaspi» банкі алдында адамдар үнемі топтасып тұрады, маска режимі бұзылған, базар сатушылары мен халық әлеуметтік қашықтықты сақтамайды. «Тұтас мониторинг барысында оң өзгерістер байқалмады», - деп атап өтті «Қоғамдық бақылау» тобы.

Орал мен Ақтөбеде де әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы және маска режимінің бұзылуы байқалған.

Қостанай облысы бойынша Қоғамдық бақылау бірқатар мәселені анықтады: аудандық және қалалық ауруханаларда қызметкерлер үшін қолғаптар, бір рет қолданылатын маскалар жетіспейді. Дәрігерлер кәсіпкерлерге жүгініп, солардың жеке қаражатына қажетті бұйымдарды алдырған. Тұрғын алаптарында, көшелерде, шағын сауда орындарында және көкөніс дүкендерінде санитарлық нормалар бұзылуда. Патрульдік қызметтердің белсенділігі айтарлықтай төмендеген. Үйлердің біріндегі тұрғындар заңсыз құрылыс туралы Президент аппаратына шағым жіберген, бірақ шағым облысқа қайта жіберілді. Олармен кездесуге өкілеттілік деңгейі төмен бір ғана маман жіберілген. COVID-19-ға талдау нәтижелерін беру мерзімі әлі де кешіктірілуде. Дәрі-дәрмекті стационарларға жеткізуде кедергілер бар, науқастардың тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмекті сатып алуы фактілері де кездескен.