«Барыс» құрлықтық хоккей лигасында бүгін елордада Латвияның «Динамо» (Рига) командасын қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгінгі ойында елордалық клуб жинақы қимыл көрсетті. Қарсылас команданың тізгінді қолға алуына мүмкіндік берген жоқ.
Алғашқы шайбаны «Барыс» хоккейшісі Линус Виддель 18 минутта соғып кетті. Ол Дмитрий Шевченко мен Роман Старченконың ұйымдастырған шабуылын түйіндей білді. Ал 21-минутта елордалық хоккейші Кёртис Валк есепті үстемелей түсті. Ойынның 24-минутында Мэтт Фрэттин «Барыстың» басымдығын ұлғайтты.
Кездесуде «Барыс» қарсыласын 3:0 есебімен сүріндірді. Осылайша қатарынан екі мәрте жеңіске жетті.
Енді «Барыс» 8 қарашада Ресейде Череповец қаласының «Северсталь» командасымен кездеседі. Одан кейін 10 қарашада сол елдің Ярославль қаласында «Локомотив» командасымен шеберлік байқасады.
Елордалық клуб соңғы бес кездесудің төртеуінде жеңіліске ұшырап, соңғы ойында Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» клубынан басым түскен болатын.