19 мам, 2020 сағат 14:23

Китті құтқарған аустралиялыққа айыппұл салынды

Аустралия билігі торға оратылып қалған китті құтқармақ болған ер адамға айыппұл салды, деп хабарлайды ВВС.

Кит сейсенбі күні Голд-Кост (Квинсленд штаты) қаласында акуладан қорғайтын торға түсіп қалған. Оны көрген ер адам көмек сұрау үшін бірден билікке жүгінген. Бірақ, бірнеше сағат күткеннен кейін өз қайығымен жүзіп барып, китті босатуға әрекеттенген. 

Ол аустралиялық БАҚ-қа жағалауға қайта оралған соң өзіне айыппұл салынғанын хабарлаған. Айыппұл салудың нақты себебі жазылмаған. Бірақ Квинсленд штатының заңы бойынша китке тым қатты жақындауға болмайды. 

«Мен тек китті тордан босатуға тырыстым», - деді ол АВС-ге. 

Ер адам өзімен бірге болған пышақпен киттің жүзбеқанатын тордан босатқан. Оның құтқару сәтін көптеген адам жағалаудан бақылап тұрған. 

Акулалардың жағалауға жақындамауы үшін орнатылған торлар басқа жануарларға кедергі келтіретіндіктен, әлі де дау тудырып келеді. Былтыр штаттың торларына кем дегенде бес кит оратылып қалған екен.