07 қар, 2020 сағат 11:28

Кітапханаларды жаңа форматқа көшіру мәселесі талқыланды

Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстан кітапханаларымен бірлескен «Заманауи кітапхананың жаңа келбеті – оқу мәдениетін қалыптастырудың жаңа форматы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінгі дөңгелек үстеліміздің тақырыбы өте өзекті. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 22 қазанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында жасаған баяндамасында кітапханалар ағартушылық рөлін жоғалтпай, заманауи талаптарға сай болу керектігін атап өтті. Сондай-ақ кітапханалардың өскелең ұрпаққа оқу мәдениетін қалыптастыру, оқу сауаттылығын дамыту ісіндегі ерекше рөліне тоқталды Осыған орай републикалық және жергілікті атқарушы органдарына қарасты кітапханалар өздерінің дәстүрлі қызмет көрсету сапасын арттырып, уақыт талаптарына сәйкес оқырмандарды тартудың жаңа жолдарын іздестіру қажеттілігі туындап отыр», - дейді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова. 

Жастарға арналған коуоркинг орталықтарын ашу «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың партияны жаңғырту бойынша тапсырмасымен орындалған болатын. Соған сәйкес былтырғы Жастар жылы қарсаңында еліміздің барлық аймақтарындағы кітапханаларында жастар коуоркинг орталықтары ашылған. 

«Қазіргі кезде барлық Қазақстан кітапханалары бірігіп, бәріміз серпіліс көрсету керекпіз. Мемлекет басшысы бізге үлкен сенім артып отыр. Сол сенімді ақтау үшін, ең алдымен жастардың кітап оқуға деген талпынысын арттыру керек. Әлбетте, жастар коворкинг орталықтары жастардың ғылым-білімге деген қызығушылығын арттыруға көмекші бір құрал», - дейді ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітхан Мұңалбаева. 

Коуоркинг орталықтары – жастар ұйымдарының жұмысын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ұжымдық кеңсе қызметі. Оның негізгі мақсаты – жастарға дәртүрлі кітапханалардың ішінде жағдай жасап, олардың ғылым-білімге деген құлшынысын арттыру. Мұнда әлеуметтік жобалар аясында жастар түрлі форматтағы іс-шараларды өткізіп, кеңес алып, идеялар талқылауға мүмкіндік алады.