11 мам, 2020 сағат 15:59

Кинотеатр, ОСО, театр, көрменің бәрі жабық – елордада карантин тәртібі күшінде қалады

Қазақстанда төтенше жағдай режимі тоқтағанымен, астанада бұрын енгізілген карантин тәртібі күшінде қалады. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Осы уақытқа дейін елордада 97 нысан карантинге жабылған болатын. Қазіргі уақытта олардың 67-нен карантин тәртібі алынып тасталды. 30-ы әлі қала береді. Бүгіннен бастап мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің қаулысы күшіне енеді. Сондықтан нысандардың біразынан алдағы уақытта карантин тәртібі алынып тасталады. Алайда олардың бәріне де мониторинг жүргізіліп отырады», - деді Бақтияр Мәкен ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары бүгінге дейін елордада 40 мың ПТР тест, 24 мың экспрес тестілеу жүргізілгенін мәлім етті. Күн сайын қалада 3 мың тест жүргізіледі. Сонымен қатар қалада алдағы уақытта күніне 1 мың тест жүргізілетін лаборотория жасақталады. 

«Бүгінгі таңда ел аумағында төтенше жағдай режимі тоқтатылды. Алайда елордада коронавирус жұқтыру қаупі әлі сақталып тұр. Сол себепті бұрын енгізілген шектеу шаралары күшінде қалады. Бұрынғыша спорттық, көңіл көтеретін, бұқаралық, отбасылық шараларды өткізуге тыйым салынады. Ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, теарлар мен көрмелер, адамдар жиналатын басқа да нысандар әлі де ашылмайды. Діни нысандардың жұмыс бастауына да әлі болмайды. Эпидемия азайғаннан кейін ғана біз бұл мәселелерді қайта қараймыз», - деді ол.