Бүгін елордада шайбалы хоккейден Qazaqstan Hockey Open-2021 турнирінің екінші ойын күні өтті. Бұл жолы Ресей және Беларусь құрамалары кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алғашқы кезеңде ресейлік хоккейшілер сәтті ойын көрсетті. Олардың қатарынан Илья Морозов 5-минутта, Алексей Торопченко 12-минутта мергендігімен көзге түсті.
Оған екінші кезеңде Беларусь құрамасы сапынан Иван Дроздов 27, Игорь Мартынов 30-минутта екі голмен жауап қайырып, таразы басы теңесті. Ал 33-минутта Марат Хайруллин Ресейді қайтадан алға шығарды. Ойынның 43-минутында ресейлік Рафаэль Бикмуллин қорытынды есепті белгіледі. Кездесуде Ресей құрамасы 4:2 есебімен басым түсті.
Естеріңізге сала кетелік, 10 ақпанда аталған турнирде Қазақстан Беларусьті 5:2 есебімен тізе бүктірді.
Енді 12 ақпанда Қазақстан мен Ресей құрамалары шеберлік байқасады. Жеңгені турнирдің жеңімпазы атанады.