26 қаң, 2021 сағат 19:55

Хоккей: «Барыс» өз айдынында «Трактордан» жеңіліп қалды

Құрлықтық хоккей лигасы аясында елордалық «Барыс» бүгін, 26 қаңтарда елордада Ресейдің «Трактор» (Челябинск) командасымен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Екі команда турнир кестесінде қатарлас келеді. Екеуінің де еншісінде 57 ұпайдан бар болатын. Сондықтан бүгін жеңіске жеткені турнир кестесіндегі жағдайын жақсартатын еді. 

Есепті алғашқы болып «Трактор» командасы ашты. Ойынның 11-минутында ресейлік Алексей Бывалцев мергендігімен көзге түсті. 

Екінші кезеңнің 32-минутында «Барыс» сапынан Егор Петухов таразы басын теңестірді. Одан кейін «Трактор» хоккейшілері Сергей Калинин 33, Виталий Кравцов 34-минутында қос голдың авторы атанды.

Ал үшінші кезеңде елордалық хоккейшілер алға қарай ұмтылды. Нәтижесінде 51-минутта Валерий Орехов есеп айырмасын қысқартты. 

Кездесуде елордалық клуб қарсыласына 2:3 есебімен жеңіліп қалды.

Енді «Барыс» елордада 28 қаңтарда Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасын қабылдайды.