21 жел, 2020 сағат 22:31

Хоккей: «Барыс» овертаймда «Торпедодан» басым түсті

Құрлықтық хоккей лигасы аясында елордалық «Барыс» бүгін Ресейде «Торпедо» (Нижний Новгород) командасымен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Екі команда турнир кестесінде қатар келе жатыр. Олардың плей-офф кезеңіне шығуға мүмкіндігі зор. Сондықтан кездесудің тартысты болатыны алдын ала белгілі еді. 

Бірінші кезеңде қос команданың шабуылға көбірек көңіл бөлгені байқалды. Десе де, есеп бірінші кезеңнің соңына таман ашылды. 

Ойынның 15-минутында «Барыс» хоккейшісі Мэтт Фрэттин мергендік танытты. Ал 18-минутта елордалық Даррен Диц есепті үстемелей түсті. 

Айдын иелері тарапынан 19-минутта Антон Шенфельд есеп айырмасын қысқартты. 

Екінші кезеңде қос команда есепті өзгертуге ұмтылған болатын. Әйтсе де, жанкүйерлер соғылған шайба көрген жоқ.

Үшінші кезең де тартысты өрбіді. Қос команда тарапынан гол соғатын бірнеше мүмкіндік болды. Соңғы минутта ресейлік клуб қақпашыны алтыншы ойыншыға алмастырды. Нәтижесінде 59-минутта Михаил Варнаков таразы басын теңестірді. Ойын овертаймға ұласты. Овертаймда елордалық Якоб Лилья жеңіс шайбасын соқты. Кездесуде «Барыс» қарсыласын 3:2 есебімен жеңді.

Енді «Барыс» 23 желтоқсанда сырт айдында Ресейдің «Авангард» командасымен кездеседі.